Бауыржан Момышұлы –ұлтымыздың рухани қаһарманы. » Б.Момышұлы атындағы орта мектебі
Жамбыл облысы
Шу ауданы білім бөлімінің
"Б.Момышұлы атындағы орта мектеп"
отдела образования Кербулакского района
Приемная
+7(72) 43-50-93
Бухгалтерия
+7(72) 23-11-37
Версия для
слабовидящих
» » Бауыржан Момышұлы –ұлтымыздың рухани қаһарманы.
07
июнь
2021

Бауыржан Момышұлы –ұлтымыздың рухани қаһарманы.

Бауыржан Момышұлы –ұлтымыздың рухани қаһарманы.


2020-2021 оқу жылындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негізіндегі тәрбие жұмысының бірінші бағыты «Жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбиелеу» деп аталады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің тұрақтанып нығаюында экономикалық қуаттылық, саяси-әлеуметтік тұрақтылықпен бірге қазақстандықтардың патриоттық рухын қалыптастырып, дамыту мәселесі де басым бағыттар қатарында саналады. «Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі болашақ» демекші Отанды сүю, туған елге деген сүйіспеншілік мектеп қабырғасынан бастау алады. Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – басты міндеттеріміздің бірі», – деп айтқандай, жас ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастыру және дамыту аса өзектілікке ие болуда. 

Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің керемет үлгілерін көреміз. Сондай тұлғалардың бірі - XX ғасырдың ең жарқын тұлғасы, белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, Кеңес Одағынының батыры, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы. 

Бүгін өмірі – өнегеге, жазған мұралары – патриоттық өсиетке толы, елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет еткен, сын сағатта оны жан аямай қорғаған және қол бастап, жауды жеңуге ерен үлес қосқан ер - Бауыржан Момышұлының туған күні.Бүгін бүкіл қазақ елі батыр бабамыздың  110 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Батыр 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітіріп, біраз уақыт мұғалім болған. Кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. 1941 жыл Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматинская область Талғар қаласында жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Мәскеу үшін шайқаста панфиловшы атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлының басқарған батальон жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлер батырлықтың, достықтың, тәртіптіктің, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, өздерінен күшті төрт есе басым жаумен бір ай бойы күресіп, дұшпанды ойсырата жеңіліске ұшыратты. Осылайша 316 атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі аты аңызға айналған ерліктері үшін «Қызыл ту» орденімен марапатталады. Кеңес әскерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарда 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерін қырды, көптеген техникасын жойып жіберді. Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты, 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамамен аман-есен дивизиясына қосылды. Халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына 1990 жылдың 11 желтоқсанында «Кеңес Одағының Батыры» деген атақ берілді. 

Бауыржан Момышұлы - мұқалмас ерлік-жігердің, күш-қайраттың, ақыл-парасаттың, ар-ожданның иесі болды. Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы ғана емес, қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, мейірман тәрбиешісі де бола білген. Соғыс аяқталғанға дейін батальонды, полкты, ал соғыс аяқталғаннан кейін дивизияны басқарған. Жоғарғы Әскери академияны бітіріп, сонда ұстаздық еткен. Кейін біржола шығармашылық еңбекпен шұғылданып, қарудың орнына қалам алған. Ол - кітабы әлемге таралған жазушы. Жазушының соғыс, отаншылдық тақырыбына жазған мақалалары, қанатты сөздері шырқырап шындық іздеген жан айқайының жаңғыра шыққан үні іспеттес. Б.Момышұлының қаламынан шыққан шығармалар көп: «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Менің отбасым», «Майдандас достарым», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Адам қайраты», «Артымызда Москва». Жазушы орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазады. Оның «Біздің отбасы», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер» сияқты кітаптары бірнеше шетелдік тілдерге аударылып басылған. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халықтың аузында жүр. Батыр жайында өлең, дастандар да, естелік мақалалар да, кітаптар да көп. Олар Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжан Момышұлының «Жанымның жарық жұлдызы» және тағы басқа шығармалар. Бауыржан Момышұлы- бойына бірнеше өнерді игерген жан . Ол- кәдімгі кәсіби суретшілерден бір мысқал да кем емес суретші, Құралайды көзге атқан мерген , ат құлағында ойнайтын шабандоз әрі атбегі ,әсіресе қарамағындағы жауынгерлерді соғысқа тәрбиелеуде өте озық тәжірибе көрсеткен, турникке тартылу және басқа спорт түрлерінен де озық жетістіктерге жеткен. Әскери қолбасшылығы өз алдына бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген оқу пәні Израиль еліндегі әскери оқу орындарында оқытылады және студенттер ол пәннен емтихан тапсырады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыржанның соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі. Осыны ескерсек, Б.Момышұлын әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп батырдың өзі айтқандай, біздің жүрегімізде Бауыржан Момышұлының есімі мәңгі сақталады. Бауыржан атамыз сияқты өмірі өнегелі істерге толы қасиетті тұлғаны жете біліп, оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Мектебіміздің батыр бабамыздың есімін иеленуі- мектеп  педагогтары  мен оқушылар  үшін   зор мақтаныш.Биылғы жылы батыр бабамыздың 110 жылдығына орай педагогтарымыз бен оқушыларымыз  тәрбиелік, танымдық мәні бар мектепішілік түрлі   іс- шараларды өткізуде, аудандық, облыстық,халықаралық  деңгейдегі онлайн байқауларға қатысуда. Атап айтатын болсақ,  жыл басынан мектеп кітапханасы жанынан  «Халқына ұран болған ер Бауыржан» атты танымдық  бұрыш жабдықталды. ZOOMплатформасында « Бауыржан Момышұлы- әлем  халқының ортақ перзенті» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілу жоспарланды. Батырға арналған онлайн түріндегі мектепішілік  әндер байқауы, жоба қорғау, интеллектуалдық сайыстар, сыныптан тыс іс-шаралар, ашық сабақтар, «Bookcrossing» - «Білімнің көзі - кітапта» жобасы - кітап әлеміне саяхат жасайтын жаңа волонтерлік қозғалыс: Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» хикаятындағы отбасылық құндылықтар», бастауыш сыныптарда «REАDx» жобасы бойынша Б.Момышұлы жайлы жазылған шығармалардан сахналық қойылым т. б іс-шаралар өткізілді. 

Біздің бүгінгі күндегі басты мақсатымыз - қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі, өнегелі істерін насихаттай отырып, оқушылардың бойында Отанға деген, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру. Ол кісінің ерлігін үлгі ету. Н.Ә.Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын сүюді Бауыржан Момышұлындай  өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ», - деп айтқандай, Бауыржан Момышұлының отаншылдығы патриоттық тәрбиеде баға жетпес құнды құрал болып табылады.

Бауыржан Момышұлы атындағы

 орта мектебінің директоры

                                                                                                                             Игенбекова Аксункар Рахметуллаевна